«Қарттарым – асыл қазынам»

Үлкенді сыйлау, оларға кұрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. «Қарттары бар ел- қазынасы бар ел» деген сөз бар халқымызда. Қазанның 5- ші жұлдызында Қазан жалпы орта білім беретін мектебінде қарттар күніне арналған «Қарттарым – асыл қазынам» атты кеші өткізілді.
Мақсаты: оқушы бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, өз ата-бабаларын ұмытпай және салт- дәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа, жақсы мен жаманды ажырата білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.
Бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған мерекелік кешке ауылымыздың аялаулы да ардақты қарттары шақырылды. Мектеп асханасында дастархан жайылып, ас берілді. Мереке куәгерлеріміздің көңілдерін көрсету мақсатында мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, әкімшілік тарапынан құттықтау сөздер айтылды. Кеш барысында ата-әжелеріміз оқушылардың дайындаған сұрақтары мен ойындарына қатысып, өмірлеріндегі қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Жиналған кауымның алдында ауыл әкімі Беккожин Берік Жанатұлы мен ауылымыздың құрметті азаматы Кулетов Мейрамғали Қабиденұлы сөз сөйлеп, өз тілектерін білдірді. Өмір қартайса да, көңіл қартаймайды дегендей, ата-әжелеріміз мерекелік шараға жақсы көңілмен қатысып, бір-бірлерін құттықтады. Жиналған қауымның алдында кішкентай бүлдіршіндер мен жаңа ғана мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушылары «Беташар» салт-дәстүрін көрсете білді.
Келе жатқан жас ұрпаққа да ардақты қарттарымыз өз рахметтерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
«Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» демекші, мерекелік концерт соңында атамыз оқушыларға бата берді. Барлық ата-әжелерімізге сыйлықтар табысталды.
«Қарттары бар елдің, қазынасы бар» дегендей, осы алтын қазыналарымызды құрметтей, қадірлей білейік ,жас қауым!